Қазақ тіліндегі техникалық терминдер туралы

Опубликовано: 06.01.2019

Қазақ КСР-дағы қазақ тілін дамыту және енгізу проблемасы көп жағдайда Кеңес Одағының саяси жүйесімен айқындалған болатын.

1920 жылы Орынборда Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы құрылғаннан кейін 1921 жылы қазақ тілін қолдау жөніндегі алғашқы қадам - Тіл туралы декрет қабылданды, алайда бұл шара аяқсыз қалды. Ал, 1932 жылы іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру жөніндегі қаулы шықты. Қазақ тіліне іс жүргізуді көшіру проблемасы 1941 жылы қайта қозғалғанына қарамастан, Ұлы Отан соғысының басталуымен байланысты бұл жоба жүзеге асырылған жоқ.

1957 жылы Қазақстаның Министрлер Кабинеті қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі арнайы шешім қабылданғанына қарамастан, 1950-1960 жылдары Никита Сергеевич Хрущевтің «Орыс тіліне неғұрлым тез көшсек, коммунизм соғұрлым тез келеді» деген сөздері барлығымызға мәлім. Қазақ тілін қолдану саласы жыл өткен сайын азая берді. 1991 жылға дейінгі қазақ тілінің жағдайы туралы біз өткен мақалаларымызда («Терминдер мәселесі» мақаласына сілтеме) айтып кеткен едік.

Қазақстандағы техникалық терминологияның дамуы

Біздің ұлы ағартушымыз Ахмет Байтұрсынов терминология проблемасы туралы былай деген болатын: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі дара сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін алмастыра-алмастыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал.

Сондықтан, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын, қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады.».

Бұл жерде 1920-1930 жылдары «термин» атауы бірде «шет сөздер», кейде «пән сөздері», кейде «жат сөздер» немесе «терминдер» болып әртүрлі қолданғанын ескеру қажет. 

Алғашқы қазақ сөздіктеріне Орынборда 1906 жылы басылып шыққан «Орысша-қазақша (қырғызша) қысқаша сөздікті», сондай-ақ, Орынборда 1923 жылы Е.Омаровтың редакциясымен басылып шыққан «Физика пән сөздерін» және Қ.Кемеңгерұлының редакциясымен 1925 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақша-орысша тілмашын» жатқызуға болады. Сонымен бірге, 1926 жылы Қызылордада Н.Қаратышқановтың редакциясымен «Пән сөздері» де басылып шықты. Олардан өзге, 1931 жылы «Атаулар сөздігі» де шықты. Сол кезеңде 1931 және 1935 жылдары «Терминологиялық сөздік», ал 1935 жылы Қызылордада «Қазақ тілінің терминдері» жарық көрді.   

Жалпы алғанда, 1940-1990 жылдар аралығында 150-ден астам терминологиялық сөздіктер шығыпты. Ал, 1991-2003 жылдар кезеңінде тағы 100-ден астам сөздік шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Дегенмен, мынадай сөздіктерді ерекше атап кету ләзім:

1. А.Ысқақовтың басшылығымен шыққан он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986 жылдар).

2. Академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977 жыл).

3. «Орысша-қазақша сөздік» (1954, 1978, 2003 жылдар).

4. «Қазақ тілінің сөздігі» (1999 жыл).

Сондай-ақ, соңғы жылдары шыққан «Қазақша-орысша сөздікті», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігін», «Орфографиялық сөздікті»,  «Фразеологиялық сөздікті», «Синонимдер сөздігін», «Толық экономикалық орысша-қазақша сөздікті», «Диалектологиялық сөздікті», «Қазақ есімдері» сияқты кітаптарды сүбелі еңбектерге жатқызуға болады.

Техникалық сөздіктер терминдеріне қатысты айтатын болсақ Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қ.Сәтбаевтың бастамашылығымен 1957 жылы  ғылыми-зерттеу институттары өз мамандықтары бойынша терминологиялық сөздіктер жасау жөніндегі жұмыстарға кіріскенін атап өту керек.

Мынадай сөздіктер басылып шықты:

1. А.Машанов, Ж.Сыдықов, А.Әбдірахманов. «Геология терминдерінің орысша-қазақша қысқаша сөздігі», 10 баспа табақ.

2. Н.Тұяқбаев, А.Әбдірахманов. «Барлама бұрғылау терминдерінің орысша-қазақша сөздігі».

3. Ө.Жолдасбеков, А.Әбдірахманов. «Орысша-қазақша механизм мен машиналардың терминологиялық сөздігі, 6 баспа табақ.

4. Д.Серікбаев, Ө.Жолдасбеков, С.Тәжібаев, А.Әбдірахманов. «Машина жасау жөніндегі орысша-қазақша сөздік», «Мектеп» баспасы, 9 баспа табақ.

5. К.Мыңбаев, М.Шыныбаев, М.Байміров. «Ауыл шаруашылығын механикаландырудың орысша-қазақша сөздігі», «Қайнар» баспасы, 15,9 баспа табақ.

6. Ә.Әбдірахманов, Б.Манақбаев. «Су техникасы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», 8,3 баспа табақ.

7. А.Байтоқаева, А.Смирнова, Г.Яшинский, А.В.Ким-Белаш. «Энергетика және жалпытехника мамандығының қысқарған терминдері сөздігі», «Рауан» баспасы, 4 баспа табақ.

8. Ғ.Әубәкіров. «Өнімдерді стандарттау мен сапасы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», 16,6 баспа табақ.

9. А.Әбдірахманов, М.Жәркенов, М.Нұрпейісов, М.Тоқтамысов. «Тау-кен ісі жөніндегі орысша-қазақша, қазақша-орысша терминологиялық сөздік».

10. Ғ.Әубәкіров. «Метрология, стандарттау және сапаны басқару терминдерінің сөздігі», 5 баспа табақ.

11. Ж.Сыдықов. «Гидрогеология мен инженерлік геология жөніндегі орысша-қазақша және қазақша-орысша терминологиялық сөздік», 7 баспа табақ.

12. А.Құсайынов, Ж.Шотанов. «Электр техникасы және электр энергетикасы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», 5 баспа табақ.

Бұл аталған сөздіктердің бәрі 1993 жылға дейін шыққанын ескеру қажет.

Техникалық терминдерді қалыптастырудың ерекшеліктері

1927 жылы Қызылордада шыққан «Пән сөздері» атты кітапта  мынадай сөздерді кездестіреміз: «автомобиль – аптамабіл», «барометр – барометір», «воронка – бәренке», «гелий – ілі», «трапеция – қостабан», «щелочь – сілті». Бұл кезеңдегі терминдердің ерекшелігі – ол шетел тілдерінен енген сөздердің қазақ тілінің тілдік ерекшелігін ескере отырып, әсіресе техникалық терминдердің тілімізге бейімделе аударылуы деп айтар едік.

1998 жылы Астанада шыққан «Терминологиялық жинақтан» 1972-1981 жылдары Мемтерминком бекіткен терминдер мен атаулардан «вертушка - зырылдауық», «вибрация - діріл», «вязкость - тұтқырлық», «выстой - кідіріс», «горелка - жанарғы», «заклепка - тойтарма», «зацепление - ілініс», «зубоокругляющий станок – тіс жұмырлағыш станок», «зубострогальный станок – тіс сүрлеуші станок», «колесо - доңғалақ», «маслораспылитель – май бүркуіш» сияқты техника саласына қатысты, тілімізде орнығып қалған сәтті баламаларды кездестіреміз.

Тоқсаныншы жылдардан бері Терминологиялық комиссия әр сала бойынша терминдерді бекітіп келеді, мысалы, 1995 жылы жер туралы ғылымдар мен металлургия бойынша, жалпы техника және инженерлік ғылымдар бойынша «акватория - айдын», «отвал - үйінді», «движение винтовое – бұрандалы қозғалыс», «желоб - науаша», «привод - жетек»,  «обод - құрсау» сияқты көптеген терминдерді бекітті. Ал Терминкомның 1998 жылғы 24 маусымдағы мәжілісінде қазіргі күні қазақ тілінде жиі қолданылатын «дефект - ақау», «сотовый телефон – ұялы телефон» терминдері бекітілді. Сондай-ақ геология және тау-кен ісі бойынша «изумруд – зүбәржат», «кремень - шақпақтас», «шлих - түпшайма», «шлиф - тілімтас» секілді терминдер де сәтті шықты деуге болады.

Техникалық салалар бойынша терминжасауды зерттеу мәселесімен көптеген мамандар (мысалы, профессор Шәмшиден Әбдіраман және т.б.) айналысып жүргендіктен бұл проблемаға тоқталуды артық көрдік.

2001 жылы «Рауан» баспасынан әр саланың жетекші мамандары өз үлестерін қосқан, 155 000 сөзді қамтитын Терминологиялық комиссия бекіткен орысша-қазақша және қазақша-орысша 31 томдық салалық терминологиялық сөздіктер шығарылды.

Бұл еңбектерді жоғары бағалай отырып, біздің ойымызша жаңа терминдер мен атауларды Мемлекеттік терминологиялық комиссия ғана емес, сонымен қатар, Үкімет тиісті қаулыларымен бекіткен жағдайда заңдық күші мығым болар еді деген пікіріміз бар.

Сондай-ақ сайты жасалғанын және ол геологиялық барлау саласын, мұнай-газ саласын, ақпараттық технологиялар саласын, машина жасау саласын, құрылыс және сәулет өнері саласын, металлургия саласын қамтиды.

Сонымен қатар сайтында Электрондық-терминологиялық орталығының қазақ тілінің терминдерінің жиынын қалыптастыру мақсатында мамандардың ұжымдық жұмысы ұйымдастырылған, ал Сөздіктер кешенінде тіл құралдары көмегімен сөз мағыналарының түсіндірмесі бар лингвистикалық және мамандандырылған сөздіктерден құралған бірыңғай қоры жасалған және Көпсалалы терминдік сөздіктердің ғылым салалары мен қоғамдық қызмет салаларынан арнайы терминдерді сипаттау үшін арналған қоры да жасалған.

сайтының орысша-қазақша сөздігін де қолданушылар жиі пайдаланады. Бірақ, ол көбінесе жалпы жұртшылыққа арналғанын да ескеру керек.

Қазіргі уақытта, қазақ тіліндегі техникалық терминдердің жалпы саны 360 мың сөзді құрайды.

Бұл саладағы мемлекеттік саясат

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 1-бабына сәйкес терминологиялық комиссия - экономиканың, ғылымның, техниканың, мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiледi. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi.

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 1246 қаулысына сәйкес Мемлекеттік терминологиялық комиссияның жанындағы 30 салалық бағыттар бойынша жұмыс топтарының іс-шараларын қамтамасыз ету қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ахмет Байтұрсынов. «Ақ жол», Алматы, «Жалын», 1991 жыл.

2. «Аудармашыға көмекші құрал», Астана, 2000 жыл.

3. «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары», Астана, 2003 жыл.

4. «Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі», Астана, 1999 жыл.

5. Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық». «Ана тілі» газеті, № 23, 2008 жылғы 5 маусым.

6. Н.Қаратышқанов, «Пән сөздер», Қызылорда, 1927 жыл.

7. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы», Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 202-құжат.

8. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 1246 қаулысы.

9. Орысша-қазақша (қырғызша) қысқаша сөздік – Краткий русско-казахский (киргизский) словарь, Орынбор, 1906 жыл.

10. «Терминологиялық жинақ», Астана, 1998 жыл.

11. «Тіл саясаты: тағлым мен тәжірибе», Астана, 2006 жыл.

12. «Тіл және қоғам» журналы, № 1, 2007 жыл.

13. «Салалық терминология: бүгіні мен болашағы», Астана, 2003 жыл.

14. Шерубай Құрманбайұлы «Терминологиялық әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіші – Библиографический указатель литературы по терминологии», Астана, 2008 жыл. 

Пайдаланылған сайттар:

1.

2.

3.

4. Википедия энциклопедиясы.

Мақала авторы – Амандық Әмірхамзин – этнолог, Индустрия және сауда министрлігі Ақпарат басқармасының бас сарапшысы

rss