КІРІСПЕ. АКУШЕРЛІКТІҢ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ КЕЗЕҢДЕРІ

Опубликовано: 08.12.2018

Акушерлік (accouher - босану деген сөз) - ұрықтандыру, жүктілік, босану және босанудан кейінгі кезеңмен, сонымен қатар жүктілік пен босану асқынуларының алдын алу және емдеумен байланысты әйел ағзасында жүретін физиологиялық және патологиялық процесті зерттейтін клиникалық медицинаның саласы.

Акушерлік - гинекологияның (gyne - әйел, logos - ілім), яғни, әйелдің жыныс мүшелерінің ауруларын зерттейтін, олардың алдын алу, диагностикалау және емдеу әдістерін әзірлейтін ғылымның бөлігі.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде әйел ешбір көмексіз босанатын, кейбір кездерде оған отбасындағы жасы үлкен әйел көмектесетін болған. Құл иелену құрылысы кезеңінде «ХРАМ» медицинасы мен кәсіби дәрігерлік қалыптаса бастады.

Ежелгі Грецияның әйгілі дәрігері, «медицинаның әкесі» Гиппократ (б.д.д. 460-370жж.), ал шешесі атақты акушер Фанарега болған. Рим және Греция дәрігерлері эмбриотомия, жатыр мойнын тазалау, жатырды сүңгілеуден басқа кесар операциясын қолданған болатын. Бірақ та кесар операциясын ана өліміннен кейін баланың өмірін сақтап қалу мақсатында жасайтын.

Тәжік дәрігері Әбу Әли ибн Синаның (Авиценна, 98-1037) әйгілі «Дәрігерлік ғылымның конондарында» акушерлік және әйелдер ауруы бойынша тараулары бар. Оларда ұрықтың басымен бұрылуы, кранио- және эмбриотомия операциялары туралы айтылған. Операцияны таңдау кезінде Ибн Сина әйелдің денсаулық жағдайын және операцияны көтере алу жағдайын ескеру қажет деп санаған.

Ежелгі Русьте акушерлік көмекті отбасындағы жасы үлкен әйелдер көрсеткен. Феодализм кезеңінде христиан және ислам дінінің езушілік күші, сонымен қатар еркек дәрігерлерге акушерлікпен айналысу әдепсіз деген қалыптасқан ұғым салдарынан акушерліктің дамуы күрт тоқтап қалды.

Капитализм кезеңінің пайда болуы (Қайта өрлеу дәуірі) ғылымдардың, соның ішінде жаратылыстану ғылымдарының қарқынды дамуымен сипатталады. Бұл кезеңге (ХҮІ ғ.) Везалий, Фаллопий, Евстахий, Батоллоның ғажайып анатомиялық зерттеулері жатады. Акушерліктің үлкен жетістігінің бірі - практикаға (Амбруаз Паре, 1517-1590) көптен ұмытылған ұрықты аяғына бұру операциясының қайта енгізілуі болатын. Сол кезде Париж госпиталі жанындағы алғашқы кіндік шеше мектебі ашылды.

ХҮІІ және ХҮІІІ ғасырлар акушерлікті зерттеудегі одан арғы жетістіктермен сипатталады. ХҮІІ ғасырға Чемберленнің (Англия) акушерлік қысқыштарды ойлап табуы жатады. ХҮІІІ ғасырда тамаша анатомиялық еңбектер жарыққа шықты: Девентердің бәр қалыпты таралған тар жамбас және жалпақ жамбас алғаш рет тәптіштеліп суреттелген «Novumlumen" («Новый свет», 1701 ж.) кітабы және Хантердің (Гунтер) "Anatomia uteri humani gravidi" ("Анатомия человеческой беременности", 1774) кітабы. Француз акушері Жан-Луи Боделок (1746-1810) әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан жамбасты сыртынан өлшеуді ұсынды. Ағылшын акушері Смелли (1697-1763) жамбастың диагональді конъюгатасын өлшеудің маңыздылығына назар аударды, босанудың қалыпты механизмін және тар жамбас кезіндегі ауытқуларды суреттеді, қысқыштардың жаңа моделін және оларға "ағылшын" замогын жасады. Чехтардың акушерлік мектебінің негізін қалаушы ХҮІІІ ғ. аяғында - ХІХ ғ. басында Юнгманн (1775-1854) болды.

Акушерлік ғылымның дамуында босану үйлерінің ашылуы (Страсбург, 1771; Берлин, 1751; Мәскеу, 1761; Прага, 1770; Петербург, 1771; Париж, 1797) үлкен маңызға ие болды. Дегенмен олардың ұйымдастырылуынан кейін дәрігерлер өте ауыр, жиі өмірге қауіпті асқыну - босанудан кейінгі сепсиспен кездесті.

Босанудан кейінгі сепсис соңының өлімге апарып соғуы ХҮІІІ ғ. кей кезеңдері мен ХІХ ғ. басында 10%-дан 40-80%-ға дейін көтерілген болатын. Босанудан кейінгі сепсиспен күресуде венгр акушері Игнац Филипп Земмельвейс (1818-1865) еңбектерінің маңызы орасан зор.

ХҮІІІ ғ. дейін Ресейде босануға көмектесетін мекемелер мен білікті акушерлік көмек болған емес. Акушер-гинеколог дәрігерлер дайындалған жоқ, сол кездегі бірең-сараң медициналық мектептерде (Мәскеуде және Петербургте) акушерлік жүргізілген жоқ. Акушерлікті шетелде оқыған дәрігерлер өте аз болды. Босану кезінде көмекті тәжірибелері ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан «кіндік шешелер» (нәрестені қабылдау) немесе «қабылдайтын әйелдер» көрсеткен.

Көпғасырлық «кіндік шешелер» тәжірибесінде біраз пайдалы кеңестер болды, бірақ олардың іс-әрекеттері ырымға және соқыр нанымдарға негізделетін. Асқынған босанудар кезінде әйелдер жиі пайдасыз және зиянды салттар мен араласуларға жүгінген. Кей кездерде бұл әдістер бала мен босанушы өміріне қауіп келтіретін болған.

Босану кезінде медициналық көмектің болмауы ана және бала аурушаңдығы мен өлім-жітімінің жоғаруы болуына себеп. Әйелдер мен балалар арасындағы өлім-жітімнің жоғары болуы көрнекті орыс ғалым-патриоттары арасында үлкен алаңдатушылық туғызды.

Балалар өлім-жітімімен күресу, тууды арттыру туралы сұрақты бірінші болып көтерген орыстың атақты оқымыстысы М. В. Ломоносов. М. В. Ломоносовтың адамгершілікті идеялары одан әрі ХҮІІІ ғ. атақты акушерлерінің еңбектерінде дамуын тапты. Соның ішінде орыстың ғылыми акушерлігінің негізін қалаушы деп саналатын Нестор Максимович Максимович-Амбодик (1744-1812) көрнекті орынды алады. Ол капиталды еңбек болып табылатын акушерлік бойынша алғашқы орыс нұсқамасын жазған. «Кіндік шеше өнері немесе әйелдер ісі туралы ғылым» («Искусство повивания, или Наука о бабичьем деле») нұсқамасы сол ғасырдың әлемдік медициналық әдебиеттері арасында сыйлы орында болды. Осы нұсқама бойынша орыс акушерлерінің бірнеше ұрпағы оқытылды. Н. М. Амбодик бірінші болып акушерлікті орыс тілінде оқытуды енгізді, акушерлік терминологияны құрды. Оперативтік акушерліктің дамуына енгізген құнды үлесі - бірінші болып акушерлік қысқыштарды қолданды. Сонымен қатар Н. М. Амбодик оперативтік араласуларға көрсеткіштерді шамадан тыс көбейтуге қарсы шықты; ол оперативтік әдістерді босануға көмектесу үшін түсінікпен қолдануға шақырды.

Акушерліктің одан әрі дамуы «Кіндік шеше ғылымына нұсқаманы» (1821) жазған Д. И. Левицкийдің және «Акушерлік ғылым мен әйелдер ауруының курсын» (1843) жазған Г. И. Кораблев еңбектерімен байланысты.

ХІХ ғ. акушерлік ғылымының дамуына жаратылыстанудың дамуын анықтаған атақты ғалымдар Д. И. Менделеев, И. М. Сеченов, К. А. Тимирязев және басқалар еңбектері қолдау көрсетті. Орыс хирургиясының кемеңгері Н. И. Пироговтың еңбектері акушерлік ғылымға өте үлкен әсер етті.

Орыс акушерлігінің дамуына Петербургтік медико-хирургиялық академияның акушерлік бөлімінің басшысы А. Я. Крассовский (1823-1898) құнды үлес қосты. А. Я. Крассовский көрнекті дәрігер-клиницист, дарынды ғалым мен педагог болған. Оның оперативтік акушерлік бойынша нұсқамасы осы күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. А. Я. Крассовскийдің ірі еңбегінің бірі - босану механизмі мен жамбастардың ауытқулары туралы ілімі. 1862 ж. А. Я. Крассовский Ресейде бірінші рет жақсы нәтижемен аяқталған овариотомия операциясын жасады. «Овариотомия туралы» кітабы тек орыс дәрігерлері емес, шетел дәрігерлері арасында да кең таралымға ие болды. А. Я. Крассовский көптеген дарынды оқымыстыларды (К. Ф. Славянский, М. И. Горвиц, Г. Е. Рейн және басқалар) тәрбиелеп, олардың орыс акушерлігін одан әрі дамытуына қолдау жасады.

К. Ф. Славянский (1847-1898) ірі оқымысты акушер болды. Ол патологиялық анатомия мен әйел жыныс мүшелерінің гистологиясын және акушерліктің басқа да сұрақтарын табысты зерттеген.

Атақты орыс акушері Н. Н. Феноменов (1855-1918) көптеген акушерлік операциялар әдістемесін жетілдіріп, оперативтік акушерлік бойынша классикалық нұсқама құрды. Н. Н. Феноменов акушерлік көмекті, әсіресе патологиялық босану кезінде көмекті жақсарту бойынша қосқан үлестері зор.

Орыстың акушер-гинекологиялық ғылымның дамуында көрнекті орын В. Ф. Снегиревке (1847-1916) беріледі. Ол орыс гинекологиясының негізін қалаушы болып табылады. Снегиревтің құнды үлестерін оперативтік гинекологияның дамуынан, гинекологиялық науқастарды тексеру әдістерінен, гинекологиялық ауруларды емдеудің жаңа әлістерін әзірлеу мен тәжірибеге енгізуден көруге болады. В. Ф. Снегирев дарынды клиницист, керемет ғалым мен педагог болған. Онымен әйел денсаулығын сақтау шараларын ұйымдастыру бойынша озат пікірлер айтылған.

Д. О. Отт (1855-1929) - ірі акушер-гинеколог, 35 жыл бойы Петербургтегі Кіндік шеше институтының директоры болған. Тамаша ұйымдастырушы, клиницист және оқытушы Д. О. Отт көптеген гинекологиялық және акушерлік операциялардың әдістемесін жетілдірді, асептика және антисептика, босануға көмектесуді ұйымдастыру және бірқатар маңызды сұрақтар мәселелерін әзірлері.

В. В. Строганов (1857-1938) эклампсияны емдеу тәсілінің авторының аты әлемдік атаққа ие. Тәжірибеге осы әдістің енгізілуі осы қауіпті аурудан болатын өлім-жітімнің азаюына жағдай туғызды. В. В. Строганов бұдан да дасқа акушерлік сұрақтар бойынша табысты жұмыс атқарды (жүкті әйел мен босанушының тәртібі, жатырдың жыртылуы, плацентаның жатуы және т.б.).

К. П. Улезко-Строганованың (1858-1934) эрозияны гистологиялық зерттеу, жүктілердің кештетілген токсикоздары, ісіктері және әйел жыныс саласының басқа да патологиялық процесстері бойынша еңбектері акушер-гинекологиялық ғылымға қосқан құнды үлес болып саналады.

В. С. Груздев (1866-1938) - дарынды ғалым, атақты клиницист және педагог, Қазан университетінің акушер-гинекологиялық клиникасының басшысы. Онымен акушерлік және гинекология бойынша капиталды нұсқама, әйел жыныс мүшелерінің анатомиясы, физиологиясы, эмбриологиясы туралы және акушерлік пен гинекологияның басқа да сұрақтары бойынша көптеген ғылыми еңбектер жазылған. В. С. Груздев кадрлар дайындауға көп назар аударған, оның көптеген оқушылары профессор болды.

Ірі ғалым акушер-гинекологтар Н. И. Побединский (1861-1923), А. П. Губарев (1855-1931), Г. Г. Гентер (1881-1937), Г. И. Писемский (1862-1937), К. К. Скробанский (1874-1946) және әйел денсаулығын сақтау саласының басқа да қайраткерлері беделді атаққа ие болды.

Сонымен, орыс ғалымдары ғасырдың басында-ақ акушерліктің дамуына үлкен үлес қосқан. Олар бірнеше тексеру әдістерін тәптіштеп әзірледі, жүктілік пен босанудың физиологиялық ерекшелігін зерттеді, бірқатар оперативтік құралдар ұсынды. Орыс акушерлігінің өзіндік сипаты - босану кезіндегі хирургиялық араласуларға берілген көрсеткіштерді ана мен ұрық пікірлерін есепке ала отырып сақтықпен бағалауда.

 

АКУШЕРЛІК | МАЗМҰНЫ | Йелдер кеңес орнының құрылысы мен жұмысы | АУІПСІЗ ЖҮКТІЛІК | ПЕРИНАТАЛЬДІК ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕРДІ ҰПАЙ АРҚЫЛЫ БАҒАЛАУ | АНА ӨЛІМІНІҢ «ҚАУІП-ҚАТЕР» ТОПТАРЫ | Көмектің ұйымдастырылуы | Көмектің ұйымдастырылуы | Перзентхананың құрылысы мен жұмысы | Жанұяны жоспарлау |