Новость: Форум қонақтарымен кездесті

Опубликовано: 20.11.2018

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

 Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Jas jerlester» қалалық жастар форумы аясында Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Менің табысымның тарихы — елімнің табысының тарихы» атты шығармашылық кездесу өтті.

Кездесуге форумның негізгі спикерлері, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушы үміткерлер мен студенттер шақырылды.  Құрметті қонақтар қатарында дойбы спортынан 11 дүркін әлем чемпионы, Қазақстандағы алғашқы халықаралық гроссмейстер Мират Жекеев, «Эвклид» білім беру орталығының негізін салушы, «Thousand IT Group» компаниясының директоры, бірнеше әлеуметтік жобалардың бастаушысы Айболат Құлатай, саксофоншы «Святло» поляк этномәдени бірлестігінің мүшесі Илья Цибульский бар. Кеш қонақтары жеткен жетістіктерінің қыр-сырымен бөлісіп, тыңдармандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

— «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту үшін Үкімет алдына бірнеше нақты тапсырмалар қойған болатын. Аталған бағдарламаның бірнеше бағыты барын, оның бірнеше бағдарламадан тұратынын біз жақсы білеміз. Мақалада көрсетілген маңызды жобалардың бірі — «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы. Аталған жоба 2017 жылы басталып Ақтөбе өңірінен 5 жеңімпаз анықталған еді. Биыл жобаның екінші кезеңі жалғасын тапты. Ақтөбе облысы бұл жолы 109 үміткер ұсынып, оның 108-і сайтқа жарияланған болатын. Солардың ішінен 8-і үміткерлер қатарынан табылып отыр. Аталған үміткерлер қатарында «Jas jerlester» қалалық жастар форумының қонақтары Мират Жекеев, Айболат Құлатай, Илья Цибульскийлер бар. Қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе танымал жерлестердің Ақтөбеге ат басын бұрған сәтін тиімді пайдаланып, бүгінгі кездесуді ұйымдастыруды жөн санадық, — дейді Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметкері Бекзат Орынбасарқызы.

Кездесу барысында алдымен сөз алған «Thousand IT Group» компаниясының директоры Айболат Құлатай өзі басқарып отырған компанияның жұмыстары мен жетістіктеріне тоқталды.

Бүгінде Алматыдағы өнімдері сұранысқа ие ІТ-компанияның бірін басқарып отырған Айболаттың жасы — 23-те. Алматыдағы Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінде ақпараттық технологиялар мамандығын игеріп шыққан ол кәсібін 19 жасында бастаған.

—2014 жылы тамыз айында Алматы қаласында «Эвклид» білім беру орталығын ашуым кәсіп жолындағы алғашқы бастамам болды. Жүздеген мектеп оқушыларын ҰБТ тапсыруға, түрлі мектептерге оқуға түсуге дайындау мақсатында 15 педагогты жұмыспен қамтыдым. Білім орталығы жұмыс жасаған кезде Алматы мектептерінде, Ақтөбе облысындағы Хромтау, Қандыағаш елді мекендерінде оқушыларға арнайы тегін шеберлік сыныптарын, дайындық сабақтарын жүргіздім. Оқу орталығынан бөлек, сол уақытта еліміздің туризм саласына инновация енгізу мақсатында «IRBI» IT стартаптың – мобильді қосымшаның негізін салдым. Бұл инновациялық жобам Алматы мен Астана қалаларына келген қонақтардың нақты тұрған жерін GPS технологиясы арқылы анықтап, қала бойынша мәдени, тарихи орталықтарға апаратын және бұл объектілер туралы мағлұматты аудио форматта тыңдауға мүмкіндік беретін туристер мен қала қонақтарына арналған ақылды аудиогид болатын, — дейді Айболат.

МUIТ түлегі ретінде чехиялық ХоумКредитБанкте онлайн, мобильді банкингпен бірге өзге мобильді қосымшалардың бизнес иесі ретінде сарапшы болып қызмет жасап, үлкен тәжірибе жинақтаған ол кездесуге келгендерге мықты ІТ-маманы болу үшін тек идея мен ниет болса болғаны деген кеңес айтты.

— Ақтөбелік жастардың мүмкіндігі мол. Тек бастысы мықты идея болса болғаны, кез келген жобаны жасауға болады. Өйткені Ақтөбеде Алматы мен Астана қалаларындағыдай бәсекелестер жоқтың қасы. Сондықтан ІТ саласында қандай да бір ойлап жүрген жобаларыңыз болса, қазірден бастаған жөн. Егер тың идеялар туындап, пікір алсам деушілер болса, өз жерлестеріме қашанда қол ұшын созуға дайынмын, — деді ІТ-маманы.

Айта кетейік, Айболат Құлатай басқарып отырған «Thousand IT Group» компаниясы Қазақстан нарығында 30-дан аса мобильді қосымшаның, ондаған өзге де жобалардың жарыққа шығуына негіз болды. Миллионнан аса қолданушысы бар жобалар да осы тізімде бар.

Ал кездесуге келген дойбыдан он бір дүркін әлем чемпионы, Қазақстандағы алғашқы халықаралық гроссмейстер Мират Жекеев өзінің спорт саласына қалай келгенін айтып, болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.

— Интеллектуалды спорт түрлеріне деген қызығушылығымды оятқан атам мен әкем. Ал менің есімді халықаралық деңгейге дейін жеткізген дойбы спортымен 2006 жылдан бастап айналысып келемін. Бүгінгі өз күшіне сенетін, бәсекеге қабілетті ақтөбелік жастар қатысқан форумға келуімнің де басты себебі осы дойбы спортына деген адалдығымның арқасы. Өзімнен кейінгі толқынмен тілдесіп, оларға қандай да бір кеңес беру мен үшін үлкен мәртебе, — деді кездесуге келген Мират Жекеев.

Мират бүгінде Астана қаласындағы Назарбаев университетінің құрылыстық инженерия мамандығының 4-курс студенті. Спорттағы жетістіктерімен қатар ол оқуда да талай жетістіктерге қол жеткізген.  Мектепте оқыған жылдары ол «Компьютерлік физика» халықаралық олимпиадасында 1-орынды иеленді және арнайы физика-математикалық мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Интеллектуалды спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін Мират «Ақтөбе облысының жыл адамы – 2011» атағына ие болды. Ол « ЭКСПО-2017 » аясында Швейцария павильоны ұйымдастырған инновациялық идеялар байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Кездесу соңында студенттер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, шақырылған қонақтар өз ризашылықтарын білдірді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

rss